Жарияланды: 26.07.2018

Түркістан облысы инновациялық қызметтің игілігін көре бастады

Шардаралықтар жаңа инновациялық жүйенің шапағатын көріп отыр. Еліміз бойынша алғашқы болып, Түркістан облысы Шардара аудандық орталық ауруханасында «Триаж» жүйесіне негізделген жедел медициналық көмек көрсету орталығы ашылды. Жеке ғимарат етіп салынған орталықта өміріне қауіп төнген науқасқа шұғыл түрде жәрдем беріледі.   «Триаж» жүйесіне негізделген жедел медициналық көмек көрсету орталығында науқастарға шұғыл көмек көрсетіледі. Яғни жедел жеткізілген науқас алдымен тіркеуге алынып, одан кейін дәрігердің қарауына жіберілмейді. Бірден төсекке жатқызылып, арнайы зертхана арқылы қажетті сараптама жасалады. Диагнозы анықталып, интенсивті терапиялық ем шаралар жүргізіледі. Шардаралық мына азамат үй жағдайында басынан жарақат алыпты. Бірден орталыққа жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілді.  Қуатбек Бекзат, Шардара ауданының тұрғыны:  — Бұл жерде рентгенге түсірді басымды, миымның шайқалған-шайқалмағанын тексеріп. Көмек көрсетіп жатыр. Өте тиімді екен бұл. Бұрын әр жерге кабинеттерге жүгіріп жүретін едік. Қазір барлығы жақсы, медициналық жабдықтардың барлығы жаңа. Орталық озық үлгідегі шетелдік медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Неміс пен жапонның, Корея мен Израильдің инновациялық технологияcының бәрі осында. Операциялық блок, реанимациялық бөлім, жылжымалы рентген, узи аппараттарының барлығы бір жерде. Қондырғылар науқастың ыңғайына қарай орналастырылған. Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық орталықта операция да жасалады.  Нұрғали Молдаханов, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары: — Яғни науқас ары-бері жүрмейді. Науқастың қажетіне сай осы жерде барлық құрылғылар бар. Өміріне қауіп төніп тұрған науқастарға 1 минуттың ішінде жедел медициналық көмек көрсетіледі. Яғни, реанимациялық блокқа ауыстырылады. Сол жерде интенсивті көмек көрсетіледі. Науқастың жағдайы тұрақталғанан кейін бөлімшелерге ауыстырылады. Болмаса операция жасау керек болады. Сол жағдайлар осы жерде шешіледі. Жаңа нысан аудандық аурухана мен жеке демеушілердің қаржысына салынған. Жобалық құны 15 миллион теңге. Бұнда күніне басы ауырып, балтыры сыздаған 20-30 науқасқа көмек көрсетіледі. Жалпы «Триаж» инновациялық жүйесі адам өлімін азайтып, медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.

Жандос Жұмабек

1 023 қаралым