Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев Германияда төрт зәулім жылжымайтын мүлік сатып алуға жүз миллион доллардан астам қаржы салған. Олардың табылған сәнді сарайлары туралы Deutsche Welle (DW) неміс медиа компаниясының зерттеуінде айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мақалада Қазақстанның бұрынғы президентінің отбасы мүшелеріне тиесілі зәулім сарайлардың бірі Германияның Баден-Баден курортындағы Зеелах үйі екендігі айтылған.
Бұл жер 19 ғасырда әйгілі орыс дипломаты, құпия кеңесші Михаил Хрептовичтің резиденциясы болған. Ғимарат іші фрескалармен, сәнді люстралармен және түрлі жапсырмалармен безендірілген. Ал төбелері құнды ағаштан жасалған.
Сондай-ақ, журналистер зәулім сарайдың аумағында субұрқақтары бар ландшафт паркі бар екенін, ал оның астында мың шаршы метрге жуық курорттық аймақ бар екенін айтады.
DW мәліметтері бойынша, Зеелах үйінен басқа, ерлі-зайыпты Құлыбаевтардың аймақта тағы үш жылжымайтын мүлкі бар. Олардың екеуі тарихы ескерткіштерге жатады. Бірі — әйгілі сәулетші Густав Строның вилласы болса, екіншісі бір кездері Германияның бірінші канцлері Конрад Аденауэрдің өзі демалуды ұнатқан Булерхай сарайы көрінеді.
Бұған дейін 2006 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева британ азаматтығын алу үшін Лондонның солтүстігінен жекежай сатып алғаны айтылған. The Sunday Telegraph анықтағандай, ол Қазақстан аумағынан 300 миллион долларды шығарғаннан кейін осы жылжымайтын мүлікті сатып алуға едәуір қаражат жұмсаған.