Бүгін Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен жиын өтті. Мәжілісте Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов алғашқы жартыжылдықты қорытындылап баяндама жасады. Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айы бойынша мемлекеттік бюджет жоспары 103% орындалып, нақты 151 млрд. теңге өндірілген. Облыстың сыртқы сауда айналымы 1 млрд. 249 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тауар айналымы 322 млн. АҚШ долларына немесе 35 пайызға ұлғайған. Жергілікті атқарушы және құзіретті органдармен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бюджетке қосымша анықталған ішкі резервтер есебінен жалпы 13,2 млрд. теңге өндірілді. Сондай-ақ, департамент басшысы Ә.Тілегенов қосымша кіріс көздерін анықтау жұмыстары жүргізілсе, салық салу базасын кеңейтуге мүмкіндіктер бар екендігін нақты дәлелдермен баяндап өтті. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев салық және бюджетке түсетін басқа да төлемдердің мемлекет бюджетіне толық және уақытылы түсуі мемлекетіміздің экономикалық дамуына, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуда маңызы жоғары екенін айтты. Салықты уақтылы жинау, «көлеңкелі экономикамен» күрес жүргізу жөнінде тиісті уәкілетті және атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берді. «Түркістан облысы бюджетінің 80 пайызы дотация арқылы келеді. Біз дотацияны азайту мақсатында салықты уақтылы төлеуіміз керек. Кәсіпкерлер табысын жасырмай, салығын заңға сәйкес төлеп, жанашырлық танытулары тиіс. Департамент басшысы көптеген мәселерді атап өті. Олардың бәрін бақылауда ұстап, жұмысты ширатқан жөн» , — деді Жансейіт Түймебаев.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі