Жарияланды: 24.02.2022

Қанша талапкер қаңтардағы ҰБТ-да шекті балл жинады?

Осылайша бітіруші түлектер былтырғымен салыстырғанда 20%-ға жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, қаңтардағы ұлттық бірыңғай тестілеуге барлығы 102 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде түлектердің 78,3%-ы қазақ тілінде, 21,5%-ы орыс тілінде, 0,16%-ы ағылшын тілінде тест тапсырған.

Талапкерлердің 70%-ға жуығы қаңтардағы ҰБТ-да шекті балл жинады. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Орташа балл шамамен – 68. Бұл көрсеткіш 7%-ға артқан. Ал ең жоғары балл 135 болды.

Қаңтардағы ҰБТ-ға ерекше білім беруді қажет ететін 99 бала қатысты. Былтыр осы кезеңде көру, есту, тірек-қимыл аппараты бұзылған 33 талапкер тест тапсырған еді.

Айта кетейік, биыл алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар түлектерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек, тағы қосымша 40 минут уақыт берілді. Сонымен қатар оларға арнап, сызбаларсыз, диаграммаларсыз және схемаларсыз тест нұсқасы арнайы әзірленді.

Былтырғы қаңтар айындағы ҰБТ-мен салыстырғанда тыйым салынған заттарды алып кіру әрекеттерінің саны да азайған. Смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіру салдарынан 90 талапкер тестілеуден өту мүмкіндігінен айырылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда үш есеге аз.

Қаңтардағы ҰБТ биылғы 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында 42 өңірлік тестілеу орталығында өтті. Тестілеу осымен екінші жыл қатарынан электронды форматта жүргізіліп келеді. Тестілеу кезінде талапкерлер сұрақтарды қайта аша алады және қағаз толтыруға уақыт жұмсамайды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері жақсарып, орташа балл айтарлықтай өсті. Сонымен бірге электронды формат тестілеудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Орнатылған камералардың арқасында тестілеу кезінде ереже бұзу фактілері де айтарлықтай азайды. Түлектердің басым бөлігі өзіне және өз біліміне сенетіні қуантады.Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев

Еске сала кетейік, биыл тестілеу алғаш рет «бір компьютер – екі камера – бір тестілеуші» қағидасы бойынша өткізілді. Егер бұрын тестілеу барысы әр компьютердің үстінде орналасқан бір ғана камерадан бақыланса, енді ҰБТ кезінде жеке тұлғаны сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (алдыңғы) камера орнатылды.

Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан барлығы 229 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды.

1 179 қаралым