Түркістан облысындағы «Қайып ата» ЖШС директоры Сырым Махамбетұлы – «100 жаңа есім» жобасына таңдалған кәсіпкер, меценат. Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округінен «Мал сою бекеті» және «Ет өнімдерін тереңдетіп өңдеу цехы» құрылысын 2014 жылдың қазан айында бастап, 2016 жылдың шілде айында іске қосқан. Бүгінде табысты еңбек етуде. «Қазақстан Халық Банк» АҚ ОҚФ-нан құрылыс жұмыстарына 231 миллион теңге, құрал жабдықтар алуға 115 миллион теңге несие қаржы алып, бүгінде белсенді түрде жұмыс атқарып келеді. Жоба қуаттылығы күніне 30 тонна өнім өндіріп, 28 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Бүгінде «Қайып ата» ЖШС ет өнімдері экспорты көлемін арттыра түсуде. Дегенмен етті терең өңдеп, Корея, Жапония елдеріне де жөнелтуді көздеп отырған серіктестіктің жұмысын оң бағалайтындар көп. Сапалы өнім өндіруге ден қойған кәсіпорынға Иран елінен сұраныс көп түседі. Әу баста аталған елге 10 мың қой экспорттаған. Бүгінде бүгінде күніне 2-3 мың жөнелтуде. Сондай-ақ Қытай, Ресей елдерінен сұраныс көптеп түседі. Оларға семіз мал емес, салмағы кемінде 10 келі, әрі кеткенде 20 келіден аспайтын мал еті қажет. Олардың мұндай талаптарын орындау да оңай емес. Өйткені өңірімізде асылдандырып, семіртуге басымдық беріледі. Көптеген ауылдардан, тіпті өзге облыстардан келіп мал шаруашылығы бағытында кәсіпкерлікті меңгеруге қызығушылық танытушылар көп. Олардың оқып-үйренуіне барлық жағдай жасалған. Әрі тегін оқытылады. Тәжірибе бөліседі. Қазығұрт, Сайрам аудандарында мал шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкер бұл істі Батыс Қазақстан облысында да жүргізуде екен. Ол сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, қаржылай көмек беріп жүр.