Түркістан облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі «Аспан» сауда белгісімен шығатын пластикалық тауарларды бүгінде кез келген сауда нүктесінен кездестіруге болады. Жылына 15 мың тонна өнім шығарып келген зауыт таяуда заман талабына сай жаңа қондырғылармен толығып, әлеуетін тағы бес мың тоннаға арттырып отыр, деп хабарлайды okg.kz. «Біздің компания тауардың сапасына ерекше мән береді. Сол себепті де сұраныс артып отыр. Бүгінде біз өз елімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, тауарларымызды шетелдерге де экспорттай бастадық. Яғни шығарылған өнімнің 25 пайызын көршілес елдерге сатамыз», – дейді кәсіпорын директоры Мұрат Мамытбеков. Өңіріміздегі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған жоба жыл өткен сайын жоспарға сай әлеуетін де арттырып келеді. Соның нәтижесінде кәсіпорын есік-терезеге керекті пластикалық профильдерді ғана емес, түрлі деңгейдегі құбырларды да шығарады. Бүгінде 450 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған компанияның Шымкентте үш ірі сауда орталығы бар. Сонымен бірге облысымыздағы барлық аудандардан өз өкілдіктерін ашқан. Одан бөлек, өндірілген өнімді сыртқа экспорттау мақсатында бірнеше шетелдік компаниялармен әріптестік келісімшарт жасасқан. Бұрын металл-пластикалық терезелерге арналған қосымша бөлшектер шетелден алдырылса, енді өзімізде өндіріле бастады. Яғни «Компания WDA» ЖШС «Даму» бағдарламасы аясында 800 миллион теңгеге жаңа қондырғылар алып, іске қосты. Нәтижесінде, жылына 10 миллион дана темірден жасалған түрлі бөлшектер қолжетімді бағамен босатылатын болды. Осылайша отандық өнімнің көлемін арттырып отырған серіктестіктің тың жобасының арқасында тағы 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
А.Жайымбетов