Наурыз айындағы ұлттық бірыңғай тестілеудің аралық нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Instagram парақшасында жазды. Оның айтуынша, талапкерлердің 65% шекті балл жинаған. Орташа балл — 65, ең жоғары балл – 134. 28 қатысушының нәтижесі 130 балдан асты. Тестілеуге қатысуға 105 мыңға жуық өтініш келіп түсті, оның жартысынан көбі ҰБТ тапсырып үлгерді. 74,2% — қазақ тілінде 25,6% — орыс тілінде 0,2% — ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Наурыз айындағы ҰБТ-ға ерекше білім беруді қажет ететін 130 бала қатысты. 2022 жылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар түлектерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек, тағы қосымша 40 минут уақыт беріледі.