Жарияланды: 17.04.2022

Сайрамда екі егіз, бір үшемді өмірге әкелген ерекше отбасы тұрады

Алтын құрсақты ананың үш жүктілігінде де туған балалардың барлығы айдың сегізінші жұлдызында дүние есігін ашқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Түркістан облысы, Сайрам ауданының 33 жастағы тұрғыны Дильфуза Мырзақұлова 2009 жылы Фатима мен Зухра есімді қос егізді өмірге алып келген. Ал, 2015 жылы Разия, Рабия, Раяна туған. Өткен жылы тағы да егіз босанып, олардың есімін Хасан мен Хусан деп қойды. Бүгінде отбасында 5 қыз бен 2 ұл өсіп келеді.

Қазір Дильфуза ауылдық амбулаторияда медбике болып қызмет атқарады. Ал, жұбайы Рүстем жеке жұмыс істейді. Әзірге тұрақты жұмысы жоқ. «Баршасы айдың 8-інде дүниеге келген. Мәселен, алғашқы егіз мамырдың 8-де туса, үшем шілденің 8 күні дүние есігін ашты. Ал, екі ұл 8 қарашада өмірге келді. Тек бір қызымның ғана денсаулығында кішкене кінәрат бар. Жалпы, жағдайымыз жақсы» — дейді көпбалалы ана.

Қазір тұңғыштары 6-сыныпта оқып жүр. Ал, үшем даярлық тобында әріп танып, сауат ашып жатыр. Кішкентай егіздер болса 5 айға толды. «Мектепке барған кезінде ұстаздарының шатастыратынын айтып келетін. Қазір барлығы танып алды. Көздері үйренді. Өзім де кей кезде аттарын ауыстырып ала беретінмін. Мен де үйрендім» — дейді Дильфуза.

 

 

663 қаралым