Мектеп дәлізінде оқушысы қызды бетінен шапалақпен тартып жіберген адамның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Зардап шеккен қыздың ата-анасы агрессия көрсеткен мұғалімге қатысты қолданылған жазаны қайта қарауды талап етеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқыс оқиға 12 сәуірде Түпқараған ауданының Ақшұқыр мектеп-гимназиясында орын алған.
Түпқараған аудандық білім бөлімінің 12 сәуірдегі бұйрығы бойынша Ақшұқыр мектеп-гимназиясының мұғаліміне «қатаң сөгіс» жарияланды. 14 сәуірде жоғарыда көрсетілген бұйрық негізінде педагог өз еркімен жұмыстан шығарылды.Маңғыстау облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
Сонымен қатар, мектеп-гимназия директоры «ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта ата-ананың бұл шешіммен келіспеуіне байланысты мәселе қайта қаралып, тиісті шаралар қабылданатын болады.Маңғыстау облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
Айта кету керек, баланың ата-анасы жұмыстан кеткен мұғалімді оқытушылық қызметпен айналысу құқығынан айыруды және болашақта білім саласына жолатпауды талап етеді.