Жарияланды: 11.05.2022

ҰБТ-да ереже бұзған 260-қа жуық талапкердің нәтижесі жойылды

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев наурыз айында өткен тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан барлығы 259 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылғанын айтты.

Бұл туралы ол өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Экспресс К.

Тестілеуді оңай тапсыру үшін кейбір тестіленушілер әртүрлі қулықтарға баруға дайын. Бірақ біздің жүйені ешкім алдай алмайды,

— делінген жазбада.

Нәтижелері жойылған 259 талапкердің 9-ы тестілеу сұрақтарын суретке түсіріп, оларды телеграм арналарға таратқан.

Бұл мәселені 2 ай бойы толығымен зерттеп, қызметтік тексеріс жүргіздік. Ішкі тексерістің нәтижесінде 9 тестіленушінің нәтижелері жойылып, 3 қызметші жұмыстан босатылды. Іс құзыретті органдарға жіберілді,

— деп жазды ол.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры ендігі әрбір қатысушының жеке тест нұсқасы болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол егер тест тапсырушы бірінші мүмкіндігінде тыйым салынған затпен кіруге талпынса немесе тестілеуде ұсталатын болса, онда ол екінші мүмкіндігін қолдана алмайтынын ескертті.

Дәл осы жағдай екінші мүмкіндікте орын алса, онда бірінші мүмкіндігінің нәтижелері жойылып, грант конкурсына қатыса алмайды. Яғни екі мүмкіндікті пайдаланудың да өзінің Ережелері бар,

-деді Руслан Емелбаев.

562 қаралым