ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еңбек өтілі 30 жыл болған ұстаздар аттестациядан босатылады деген әңгімеге нүкте қойды. Ол бұл туралы журналист Нартай Аралбайға берген сұхбатында айтты.
Министрдің айтуынша, бұл ел арасында жүрген жәй ғана қаңқу сөз, деп хабарлайды Экспресс К.
30 жыл еңбек өтілі бар ұстаздар аттестациядан өтпейді екен деген әңгімені қоғамда екінің бірі айтып жүр. Бірақ оның ақ-қарасын бұған дейін ешкім ашып айтқан емес.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Нартай Аралбайға берген сұхбатында ел арасында тараған әңгіменің шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Мұндай тоқтамға ол арнайы зерттеулердің нәтижесінде келгенін айтады.
«Бізде ондай ақпарат жоқ. Осы аттестацияны жаңарту бойынша мен бұғанғ дейін айтқанмын. Біз осыған қатысты зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Біздің зерттеулеріміз нені көрсетеді? 30 жыл педагогикалық стажы бар мұғаліммен 10 жыл еңбек өтілі бар ұстаздың емтихан тапсырғанда, әлде өз пәнін білуі бойынша үлкен айырмашылық жоқ екенін көрсетіп отыр. Маманның өз пәнін жақсы білуі оның 25-30 жыл жұмыс істегеніне байланысты емес. Оның талабына, біліктілігіне, өзін өзі дамытып отыруына тікелей байланысты», — деді Асхат Аймағамбетов.