Жарияланды: 27.05.2022

Сара Назарбаеваның «өзін-өзі тану» пәнінің енді оқытылмауында саяси астар бар ма? Аймағамбетов пікір білдірді

Білім министрі Асхат Аймағамбетов  Нартай Аралбайұлының Youtube арнасына сұхбат беріп, Сара Назарбаева ұсынған “өзін-өзі тану” пәнін мектеп бағдарламасынан алуда саяси астар бар-жоғын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 

Білім министрінің айтуынша, бұның астында ешқандай да саясат жоқ.

“Біз мұны бір жыл бұрын, тамыз кеңесінде талқылап қойғанбыз. Бізде қазіргі уақытта барлық мәселені бір-бірімен жабыстырып, бір-біріне байланыстыру үрдіске айналды. Бірақ бұл мәселеде ешқандай да саясат жоқ. Бұл пәннің заңды жалғасы болады деп те айтуға болады. Өйткені осы пәнде дамытылған құндылықтар енді басқа пәндердің мазмұнына кіріп жатыр. Сол себепті пәнді бөлек етіп беру қажеттілігі жоқ. Ендігі оқу жылынан бастап, типтік оқу жоспары өзгереді. Осы мәселе соның ішінде қарастырылып отыр”, – дейді Асхат Аймағамбетов. Сондай-ақ еңбекке баулу пәнінің төңірегінде болған “бұл пәнді министрлік және министр қайтадан мектеп бағдарламасына алып келді” деген әңгімеге қатысты жауап берді. 

 

“Бұл мәселе 2016 жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Сол кезде “көркем еңбек” деп аты өзгеріп кетті. Соның ішінде баяғыда болған “бейнелеу өнері” және “еңбекке баулу” пәндері кіріп кетті. Біз қазіргі таңда бұрын қалай болды, солай бөлек пән етіп мектеп бағдарламасында қарастыру мәселесін зерттеп жатырмыз. Сондықтан бұны “жоқ” нәрсені алып келді деп қарауға болмайды. Жай ғана “еңбекке баулу” мен “бейнелеу өнері” пәндерін бөлек оқытқымыз келеді”, – дейді министр. 

Айта кетсек, “Өзін-өзі тану” бағдарламасының авторы – Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Сара Назарбаева. Пән алғаш рет 2001 жылдан бастап сынақ жоба ретінде Қазақстанның мектептеріне енгізіле бастады. 2010 жылдың басында «Өзін-өзі тану» пәні 10500 білім беру мекемесінің 184-інде оқытылды. Ал 2010-2011 оқу жылынан бастап «Өзін-өзі тану» міндетті пән ретінде енгізілді.

5 160 қаралым