Жарияланды: 28.07.2018

Шаруашылықты өрістетіп отыр

Бүгінде Түркістан облысына қарасты Кентау қаласы маңындағы ауылдарда шаруашылықтарын өрістетіп отырған өндірістік кооперативтер қатары артып келеді. Ауыл шаруашылық және әлеуметтік саласына қатысты кәсіпкерлік нысандары да көп. Қалаға қарасты Қарнақ ауылының тұрғыны А.Хабибуллаев мал бордақылау алаңын ашқанына да біршама уақыт болды. Ірі қара өсірумен айналысатын шаруа, бүгінде сүт өндіруді де жолға қойған, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Қазіргі таңда 10 сиыр сауып, 10 өгіз бордақылап отыр. 2 адам жұмыспен қамтылған.Осы ауылдың тұрғыны О.Юлдашева жанұясымен жылыжай шаруашылығын қолға алған. 20 соттық аумаққа қызанақ пен қияр өсірумен айналысады. Қожалық иесі кәсібін бастапқыда 3 млн. теңге несие алып бастаған. Бүгінде шаруа 15 тоннаға дейін өнім алып, Кентау, Түркістан қалаларына саудалауда. Сонымен қатар, Кентау қаласында «Өрлеу» және «Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламаларының арқасында жеке кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп отырғандар да баршылық. Солардың бірі  С.Молдабаева «Өрлеу» жобасы арқылы 766500 теңге алып, жеке тігін шеберханасын ашқан. Бір адамды жұмысқа қабылдаған кәсіпкер көрпе-төсек бастап, киім кешекке дейін тігуді қолға алған. Айта кетейік «Өрлеу» жобасы бойынша 790 отбасы 288,2 млн. теңгеге ақшалай көмек алған. Олардың қатарында мал және құс шаруашылығынан бөлек, тігін, ағаш, темір шеберханасы мен түрлі қызметтер көрсететін шағын мекемелер бар. Сондай-ақ, «Атаулы әлеуметтік көмек» бойынша жыл басынан бері 860 отбасыға 112000 млн. теңге қаржылай көмек тағайындалған.

1 339 қаралым