Болашақ – білімді ұрпақтың, ал білімді ұрпақ – педагогтің қолында. Сол үшін әрбір білім ошағындағы сапалы ұстаздар мен сапалы оқушылардың қатары арта түссе, келешегіміз көркейе түсері сөзсіз.
Ал осы ретте мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді қабылдау тәртібі қалай? Бұл туралы Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды.
«Ең бірінші кезекте, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 Бұйрығына сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогінің бос және уақытша бос лауазымына тағайындау конкурсын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымы ұйымдастырады.
Шағын жинақталған мектептерді қоспағанда, барлық бос және уақытша бос лауазымға мемлекеттік білім беру ұйымы конкурс өткізеді.
Конкурс аптасына 16 сағат және одан да көп сағат оқу жүктемесі бар педагогтің бос және уақытша бос лауазымына өткізіледі.
Бос лауазымдар болған жағдайда әрбір педагогке сағат саны педагогтің бір жарым ставкасынан аспауы тиіс.
Интернет-ресурстарда немесе әлеуметтік желілердің ресми аккаунттарында конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланады.
Хабарландыруда конкурстың орналасқан жері, пошталық мекенжайы, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайы көрсетілген бос және уақытша бос лауазымы (сағаты) бар білім беру ұйымының атауы, жалақы мөлшері, қойылатын біліктілік талаптары, қажетті құжаттар тізбесі көрсетіледі.
Конкурстық комиссия кемінде бес мүшеден және хатшыдан тұрады, мұның барлығын білім беру ұйымдары ұйымдастырады.
Конкурстық комиссия құрамына білім беру ұйымы әкімшілігінің өкілдері, тиісті деңгейдегі әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) немесе білім беру ұйымының, азаматтық қоғамның әдіскерлері, аудандық (қалалық) білім бөлімінің мамандары, педагогтер кіреді.
Конкурстық комиссияның қызметінде мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда конкурстық комиссияның құрамы қайта қаралады.
Конкурстық комиссияның отырыстары аудио-бейне жазбамен сүйемелденеді. Аудио-бейне жазбалар білім беру ұйымдарында бірінші отырыс өткізілген күннен бастап бір жыл бойы сақталады.
Конкурсқа қатысуға құжаттарды қабылдау конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған соңғы күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірген адам хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау мерзімінде қажетті құжаттарды электрондық немесе қағаз түрінде жолдайды.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмысқа орналасуға тыйым салатын сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе қылмыстық құқық бұзушылық немесе педагогикалық әдеп нормаларын бұзу туралы мәліметтер анықталған жағдайда, педагог конкурстың кез келген кезеңінде шеттетіледі.
Ең көп балл жинаған кандидат конкурстан өтті деп есептеледі және мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысына тағайындауға ұсынылады.
Педагогтердің үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес келетін немесе комиссияның оң қорытындысын алған кандидатпен білім беру ұйымының басшысы еңбек шартын жасасады және жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарады.
Егер конкурс нәтижесінде комиссия бос лауазымға орналасуға кандидаттарды анықтамаса, конкурс өткізілмеді деп танылады.
Кандидаттар конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларына сәйкес шағым береді.
Педагогтің бос немесе уақытша бос лауазымына кандидатты бағалау 1-20 балл аралығында болады. Онда кандидаттың білім деңгейі, ғылыми/академиялық дәрежесі, Ұлттық біліктілік тестілеуі, санаты, педагогикалық қызмет өтілі, әкімшілік және әдістемелік қызмет тәжірибесі, кәсіби жетістіктердің көрсеткіштері яғни олимпиадалар мен конкурстардың жүлдегерлері, ғылыми жобалар, олимпиадалар мен конкурстардың жүлдегерлері, «Үздік педагог» конкурсының қатысушысы, «Үздік педагог» конкурсының жүлдегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», қоғамдық-педагогикалық қызмет, әдістемелік қызмет пен курстық дайындықтарына балл қойылады, максималды балл – 83 құрайды.
Кандидаттардың балл саны тең болған жағдайда конкурстық комиссия әңгімелесу өткізу туралы шешім қабылдайды, нәтижесі бойынша қызметке тағайындауға кандидат айқындалады.
Келесі постымда назарларыңызға кандидаттарды бағалаудың талаптары бойынша қалай және қанша балл жинау керектігі туралы жариялайтын боламын.
Айтпағым, өздеріңіз де осы бұйрықтың негізінде талап ете аласыздар», делінген жазбада.