Жарияланды: 12.08.2022

«Қыркүйекте карантин жарияланады»: министрлік ақпаратқа қатысты пікір білдірді

фото Sputnik / Елена Бережная

Telegram-да 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстанда пандемияның жаңа толқыны басталып, локдаун жарияланатыны туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратты денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik.
 
«Бүгінде көріп отырғанымыздай, коронавируспен сырқаттанушылықтың төмендегені байқалады. Нұр-Сұлтан қаласы «сары», қалған облыстар «жасыл» аймақта орналасқан. Сырқаттанушылық аздап өсті, бірақ эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Біз баршаңызды вакцина алуға және ревакцинациядан өтуге, қоғамдық орындарда бетперде тағуға және мүмкін болса, COVID-19 жұқтырмас үшін шет елдерге сапар шекпеуге шақырамыз. Карантиндік шараларды күшейту немесе жеңілдету туралы шешімді Ведомствоаралық комиссия қабылдайды. Қазіргі кезде карантин жариялау туралы мәселе қарастырылып жатқан жоқ», – деді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Баршаңызды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған ақпаратқа сенбеуге шақырамыз. COVID-19 пандемиясы туралы ресми ақпаратты coronavirus2020.kz сайтынан, сондай-ақ COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-каналынан алуға болады.
2 843 қаралым