Жарияланды: 14.08.2022

Мектеп түлектері үшін әкімдіктердің грантына құжаттар қабылданып жатыр

фото ult.kz

Мемлекеттік білім грантына құжат тапсырып, алайда жолы болмаған түлектер тағы бір мүмкіндік туып отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігіндегілер, жергілікті атқарушы органдардың білім беру гранттарына құжаттар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Өтініштерді жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары қарайды. Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктен немесе олардың ресми сайтынан алуға болады.

«Жыл сайын мамандарды мақсатты даярлауға жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) бюджетінен білім беру гранттары бөлінеді. Әкімдіктердің гранттары конкурстық негізде тағайындалады. Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын талапкерлерге ерекше көңіл бөлінеді» делінген министрлік мәліметінде.

Биыл еліміз бойынша жергілікті атқарушы органдар 3 мыңға жуық грант бөлді. Жергілікті атқарушы органдардың білім беру гранттарына құжат қабылдау 10 тамызда басталды Негізінен әкімдіктерге педагогтер, медицина қызметкерлері және ауыл шаруашылық саласының мамандары қажет. Биыл елорда әкімдігі бакалавриат деңгейі бойынша мамандарды даярлауға ең көп тапсырыс беріп отыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі педагогикалық және медициналық мамандықтар үшін 1200-ге жуық грант бөлді. Ал Шығыс Қазақстан облысы Абай облысымен бірлесіп 450 грант, Ақмола облысы 229 грант тағайындады.

Қостанай облысының әкімдігі А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде оқуға 15 грант бөліп отыр. Ал Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі өнер саласына оқуға түсетін 15 маманды оқытуға дайын.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімдіктері биыл бакалавриат мамандарын оқытуға тапсырыс жасамаған. Алматы қаласы мен Павлодар облысының әкімдіктері өңірдің жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімі бар мамандарды даярлау қажеттілігін ескере отырып, бюджет қаражатынан тек магистратура мен резидентураның білім беру бағдарламалары бойынша гранттар бөлетін болды.

«Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына білімі туралы құжат, ҰБТ сертификаты, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, жеңілдік санатын растайтын құжаттарын тапсырады. Грантты тағайындау туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асырылады» деп атап өтті ведомствадағылар.

888 қаралым