Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушыларының үштен бір бөлігі тегін тамақпен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Оған қоса, жергілікті бюджеттен де ыстық тамаққа ақша бөлінеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. Биыл мектепке 3,6 миллион оқушы барады. Олардың үштен біріне тегін тамақ үлестіріледі.
«Жаңа оқу жылында тегін ыстық тамақпен 1-11 сынып оқушыларының 30 процентін, яғни 1 миллионға тарта оқушыны, соның ішінде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 422,1 мың оқушыны 100 процентке қамтамасыз ету жоспарланған», — деді Бейсембаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бұдан бөлек, 8 өңірде мәслихаттардың шешіміне сәйкес, 1-4 сыныптардағы 723,3 мың оқушыны тегін тамақпен қамтамасыз ету көзделген. Осы аймақтардың ішінде Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстары бар.
«Сонымен бірге екі өңірде бірінші сыныптың оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілуде. Ол – Ақмола мен Маңғыстау облыстары», — деп атап өтті Бейсембаев.
Ал мектепте сапалы тамақтандыруды ұйымдастыру мақсатында министрдің бұйрығына өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, әрбір мектепте ата-аналар мен қамқоршылық кеңестерінің ұсынысы негізінде ас мәзірін әзірлеуге болады.