Жарияланды: 30.08.2022

Балаңызды лицензиясы жоқ мектепке бермеңіз…

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов ата-аналарға балаларыңызды лицензиясы жоқ мектептерге бермеңіздер деп кеңес береді. Бұл туралы сала басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

 
«Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар!
Сіздерді биыл әне-міне басталғалы тұрған 2022-2023 жаңа оқу жылымен құттықтаймын.
«Оқу инемен құдық қазғандай» демекші, білім беруге де, білім алуға да зор құлшыныс қажет.
Ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында жаңа да тың күш, ал балаларға мектеп табалдырығында оқу әлемінің сан қырына саяхаттап, қызықты да тағылымды білім алып шығуларына тілектеспін.
Өздеріңіз де біліп отырсыздар, қазір барлық нәрсе күн сайын жаңарып, жылдам дамуда. Сол себепті қазіргі білім жүйесі, заман талабы бәрімізден оқу үлгерімінде де, өмірде де көштен қалып қоймай ілесіп отыруымызды талап етеді.
Жаңа оқу жылы баршаңызға табыс, сәттілік, жаңа белестер алып келе берсін.
Осы орайда, сіздерге Түркістан облысы бойынша мектептердің барлығы бес күндік оқу кестесіне өткенін айта кеткім келеді. Тек 30 мектеп қана алты күндік оқу кестесімен қалды.
Алдағы 3 қыркүйек сенбіге сәйкес келіп отырғандықтан, 3-4 қыркүйек демалыс күндері болады.
Сонымен қатар, биылғы жылдың жекеменшік мектептерінің тізімін де ұсынғалы отырмын. Ата-аналардан лицензиясы жоқ мектептерге бармауларын сұраймын.
Ұрпағыңызға сапалы білім бергіңіз келсе, лицензиясы жоқ мектептерге бермеңіз. Тізімді жақсылап қарап шықсаңыздар», делінген жазбада.
989 қаралым