Жарияланды: 01.09.2022

Экономист Ұлттық қордан әр баланың шотына жылына қанша ақша түсетінін есептеп берді

фото Айқын

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалардың шотына аударылады деген бастамасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сонымен 18 жасқа дейін әр бала қанша ақша жинап үлгереді? Экспресс К мамандарға есептетіп көрді.

Белгілі экономист Мақсат Халық «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, Президент көтеріп отырған бастама халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Экономист балалардың 18 жыл ішінде шамамен қанша қаржы жинап үлгеретінін есептеп көрді.

«Қазіргі уақытта ұлттық қорымызда 52,5 миллиард доллар бар. Алайда бүгінгі таңда инвестициялық табыстың көрсеткіші сын көтермейді. Бірақ соған қарамастан жылына 10 пайыздық кіріске қол жеткізуге болады. Ол үшін сол жолда жақсы жұмыс жасалуы керек. 52,5 миллиард доллардың 10 пайызы шамамен 5 миллиард доллардан асып жығылады. Оның 50 пайызы, яғни 2,5 миллиард доллар 6 миллион 100 мың балаға беріледі. Бұл дегеніміз жылына әр бала 400 доллар, теңгеге шаққанда 200 мың теңгеден алады деген сөз. Менің ойымша, бұл жақсы инвестициялық бастама. Алдағы уақытта Ұлттық қордың түсімдері артып, инвестициялық кірістілігі өсетін болса, сол жолда білікті мамандар жұмыс жасайтын болса, балалар 18 жылда болашағына деген белгілі бір қаражатты жинақтап үлгере алады», — деді Мақсат Халық.

Балалар жылы аясында жаңа «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын іске қосу туралы бүгін Президент Тоқаев өз жолдауында айтқан болатын. Қор 2024 жылы іске қосылмақ.
3 734 қаралым