Бүгінде Түркістан облысында құрылыс көрігі қызып тұр. Аудандардағы әлеуметтік нысандар, мектеп, көпқабатты тұрғын үйлер… Мұның барлығына құрылыс материалдары қажет. Аталған құрылыс нысандарына отандық өнімді пайдалану қажет деген тетік те құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындардың жұмысына серпін беріп отыр. Облыс орталығындағы «АРТ–құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі темір-бетон бұйымдарының 120-ға жуық түрін өндіреді. Қазір өндіріс орнында 400-ге жуық азамат жұмыс істейді. Құрылыс заттарын шығаратын кәсіпорын 2011 жылы Елбасының қатысуымен ашылған болатын. Зауыт өнімдері сапалы әрі қолжетімді бағада, деп хабарлайды kungei.kz. Отандық өндірістің өркендеп өсуі үшін кәсіпорын басшылығы еліміздегі құрылыс компанияларымен түрлі келіссөздер жасасқан. Нәтижесінде құрылыс материалдары еліміздің әр аумағына таралып жатыр. Шикізат алыстан келмейді, бәрі өзімізден. Испанияның ең үздік аппараттары өндіріс орнындағы инновация игіліктеріне жарады. Ал, зауыттан шыққан өнім ғасыр құрылысы атанған Батыс-Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізін салу үшін зор көмегі тиіп жатыр. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында отандық өнімнің өзегін талдырмауды мықтап тапсырып келеді. Содан болар, соңғы уақытта отандық құрылыс материалдарына сұраныс жоғары. Бүгінде халық шетелдік емес, еліміздің сапалы өнімдерін қолдануды жөн көріп отыр.
Жарияланды: 29.07.2018