Жарияланды: 24.11.2022

Қоғам мүлкін бүлдірген бұзақылар анықталды

Тәрбие бастауы – отбасы. Ұяда не көрсе, ұшқанда бала соны іледі. Өзгенің мүлкіне тиіспеу, қоғам мүлкіне жанашырлықпен қарауды ата-ана үйде үйрету керек балаға. Алайда балалар көшеде білгенін істеп жүр. Жуырда Түркіста қаласында бір топ бұзақы балалар қолға түсті. Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлерінің назарына Түркістан қаласындағы аялдаманың бұзылғаны бойынша бейнежазба ілінді. Бейнежазбаны түсірген тұрғынның айтуынша, белгісіз біреулер облыс орталығындағы Алматы көшесінде орналасқан шыны аялдаманы сындырып кеткен. Орын алған теріс әрекет жайлы толық мән-жайды анықтау мақсатында, Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде тәртіп сақшыларымен көшеде ойнап жүріп, аялдаманы таспен сындырған 5 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Аталмыш 8 сынып оқушыларының ата-аналарына түсіндіру жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ осы жайт бойынша жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Түркістан қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды. Осындайда қала тұрғындары мен қонақтары абаттандыру ережелерін сақтауға, аялдамалар мен орындықтарды бұзбауға, қоқыстарды тастамауға және қаламыздың тазалығына құрметпен қараса дейсің. Қоғам мүлкін өз мүлкіндей қарап, жанашырлық танытса қанекей.

 

324 қаралым