Жарияланды: 26.11.2022

Бірнеше жасанды жол кедергісі орнатылатын болады

 

Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы әкімінің берген тапсырмасына сәйкес, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев Қарабұлақ ауылдық округінің  орталығын ретке келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Аралауға ауылдық округі әкімінің орынбасарлары Д.Усманов және Бахтияр Шамуратов  аудан әкімінің баспасөз қызметі Меруерт Шонтукова, аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі, ауылдық учаскелік полиция бөлімінің басшысы А.Ақмырза, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері қатысты. Өз кезегінде жергіліктілер мен түлкібастықтар халыққа жағдай жасау үшін орталықтан қоғамдық тасымал қызметін ұйымдастырып, автотұраққа орын қарастырып, заңдастырып беруді талап етті.

Осыған орай, Мадияр Мұхтарұлы сөз сөйледі:

— Құрметті тұрғындар! Қазіргі таңда Қарабұлақ ауылындағы көлік кептелісі ауданымыздағы өзекті мәселелердің бірі болуда. 4 сергек және 26-ға жуық бақылау камералары орнатылған. Бұған қоса, тәртіп сақшыларымен бірге тиісті жұмыстарды атқаруымыз керек. Осы мәселені түпкілікті шешу мақсатында орталықтағы көшеге автокөліктердің аялдауына тыйым салынады, жол белгісін орнату бойынша аудандық полиция басқармасынан аталған жол белгісін орнатуға келісім беру үшін ағымдағы жылдың 24 қарашасында арнайы хат жолданды. Алдағы уақытта аудандық полиция басқармасы тарапынан орталық көшеге автокөліктердің аялдауына тыйым салынатын болады. Жол белгісін орнатуға келісім берілген жағдайда 8 жерге жол белгісі орнатылып, ауылдағы көлік кептелісі толық шешімін таппақ.  Ауылдық учаскелік полиция қызметкерлерімен күнделікті рейдтік іс-шаралары ұйымдастырылуда. Автотұраққа орынды дайындау бойынша «ЯНС» ЖШС-нің басшыларының назарына жеткізіледі. Көшені кеңейту мәселесі зерделенуде. Ақсукент ауылының шекарасы Қарабұлақтың кіреберіс жерінен бастап көршілес аудандарға қарай шығатын бағыттағы орталық жолдарға халықтың қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер өтетін сызықтар жаңартылуда. Жақын күндері бірнеше жасанды жол кедергісі орнатылатын болады.

Кездесу барысында басшылар тарапынан ауылда қоғамдық тасымалды заңдастыру, көлік кептелісін жою, жол бойына тоқтауына тыйым салу секілді жол қозғалысына қатысты қойылған талаптарды орындау қажеттілігі туралы тұрғындар мен Қарабұлақ ауылынан Түлкібас ауданы аралығында қатынайтын қоғамдық тасымал жүргізушілеріне түсіндірілді. Қоғамдық көлік жүргізушілері ауылдық орталығынан алшақтау жерде орналасқан бос жерді автотұраққа қарастыру мәселесіне жолаушылардың бармайтынын, өздерінің күнкөрісіне жарайтын табыстарынан да айырылуы мүмкін екендігін тілге тиек етті.

Ауылдың орталығын рет келтіру жұмыстары бақылауға алынып, тиісті саладағы жауапты қызметкерлерге орындауға тапсырылды.

Жиналған топ жоғарыдағы мәселелер бойынша келісімге келіп, тарқасты.

 

 

463 қаралым