Полиция қызметкерлері күнделікті тұрғындар тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, жол қозғалысын бақылау, жол апаттарының алдын алу мақсатында сан алуан жұмыстар атқарады. Осы тұрғыда Түркістан облысына қарасты Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік шараларды жиі ұйымдастырып, тыныштық сақтауда белсенді қызмет етуде.
Осындай кезекті тексеріс кезінде, патрульдік полиция қызметкерлері Азаттық ауылындағы көшелердің бірінде «ВАЗ 21074» маркалы автокөлік нөмірінің жалған болуы мүмкін екендігіне күдіктенді. Осы бойынша полиция қызметкерлері шұғыл әрекетке кірісті. Қажетті шараларды іске асыра отырып, жүргізушінің көлігіне жалған мемлекеттік нөмір тағып алғанын анықтады. Аталған көлікті тоқтатып, жүргізушіден жауап алу барысында, ол нөмірдің туысына тиесілі екендігін жеткізді.
Орын алған жайт бойынша жалған нөмірмен көлік басқарған жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігімен «Көлік құралына көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу белгілерін орнату» шара көрілді. Яғни жүргізуші 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Ал өз нөмірін басқаға берген ер адамға ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 3-бөлігімен хаттама толтырылды.
Түркістан облысы полицейлері жүргізушілерді осы тәрізді олқылықтарға жол бермеуге шақырады. Қайта жабдықтауды да заңға сәйкес жасау қажет. Одан бөлек жолда жылдамдықты асырмауға, маневр жасау қағидаларын бұзбауға, мүмкіндігінше сақтық шараларын қолданып көлік басқаруға кеңес береді.