Жарияланды: 30.07.2018

Ботаникалық бақтың берері көп

Түркiстан қаласы дүние жүзiне белгiлi қалалардың бiрiне айналады деп тұжырымдап отыр мамандар. Бұл ретте шаһарды одан әрi дамыту жолында оның экологиялық ахуалын жақсарту, қаланы көгалдандыру мәселесiне көңiл бөлуiмiз қажет-ақ. Осы тақырып аясында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң ботаникалық бақ директоры, Құлахмет Байжiгiтов экономикалық дамудан бөлек, ботаникалық бақтың қаланы көркейтуге қосар үлесі туралы да айтып өтті. «Қаламыздың дамуы үшiн алдымен бүгiнгi экологиялық ахуалы қалай болады деген заңды сұрақ туындайды. Жоба бойынша бүгiнгi таңда 160 мыңнан аса халық тұратын болса, алдағы 10-15 жылда 300-400 мыңға жетедi деп күтiлуде. Ал ендi қала халқының өмiр сүру деңгейi мен денсаулығы тiкелей экологиялық ахуалына байланысты. Осы орайда, қаланың экологиялық ахуалына нақты тоқталар болсақ, соңғы 50 жылда Түркiстанның климаты күрт өзгерiп, жылдық жауын-шашын мөлшерi 28 миллиметрге төмендесе, күннiң жылылығы 1 градусқа дейiн жоғарылаған. Бұл Алматы қаласындағы гидрометеорологиялық институтының зерттеуiнен өткен, дәлелденген дүние. Ал бұл күндерi орман-тоғайымыз сиреп, қалаға ыстық керiмсал жел соғып, әсiресе шiлiңгiр шiлдеде ауа температурасы 45-50 градусқа дейiн көтерiлуiне әкеп соғуда. Бiр кездерi Қаратаудың қазба байлықтары, оның iшiнде қорғасын өндiрiсi жүргiзiлген. Соның салдарынан қарт Қаратаудағы пайдалы элементтердiң көпшiлiгi жоқ болып, бұлақ көздерiнiң бәрi төмен түсiп кеткен. Бұл Түркiстанның жер асты суының қалыпты болуына керi әсерiн тигiзiп отыр.Түркiстан үлкен су көзiнiң үстiнде орналасқан. Алматыдағы гидрогеологиялық институттың зерттеу жұмыстары нәтижесiнде Түркiстанның жер астында 850-1000 метр тереңдiкте көл бар. Осындай жер асты байлығымызды тиiмдi пайдалана алсақ, секундына 25 литр су шығады. Ботаникалық бақтың аумағы 88 гектар жердi құрап жатыр. Ботаникалық бақ Түркiстан облысы және Арал-Сырдария аймағының аридтi зонасындағы бiрден бiр ғылыми зерттеу интродукциялық орталық болып табылады. Ботаникалық бақта өсiмдiктер интродукциясының экологиялық негiздерi арқылы әбден зерттеуден өткен 127 декоративтi ағаштар түрi өсiп тұр. Алдағы уақытта қаламыз экологиялық ахуалы жақсы, жасыл желекке бүркенген қалаға айналары анық.

 

 Райымжан ӘЛIБАЕВ,

«Түркiстан»

1 375 қаралым