Жарияланды: 30.07.2018

Отандық өнімді тұтыну бір ғанибет

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев Түркістан қаласына іс-сапармен келіп, қала тұрғындарымен жүздесті. Алдымен «Бекзат» мөлтек ауданында орналасқан индустриалды аймақта болып, бірнеше кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтсақ, «Гранд микс» және «Сordial» жиһаз шығаратын зауыттарының жұмысын аралап көріп, ондағы жұмысшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бүгінде мұндағы өндіріс орындарының жұмысы қарқынды жүргізілуде. Түркістан қаласының әлеуетімен танысуды мақсат еткен халық қалаулысы жергілікті тұрғындармен кездесу кезінде Парламентте қабылданған жаңа заңдардың тиімділігін де  түсіндіріп өтті.  «Өздеріңізге мәлім Елбасы Н.Назарбаев шағын және орта бизнесті дамытуға көп көңіл  бөліп отыр. Шетелден импортталатын жиһаздардың елімізде шығарылып жатқаны көңіл қуантады. Отандық өнімдерді тұтыну бір ғанибиет емес пе?! Еліміздің рухани астанасы атанған кент тарихы терең жәдігер қалалардың бірі. Түркістанды  — Самарқанд, Бұқара қалалары секілді туристтік аймаққа айналдыру керек.  Болашақта киелі қалада оң өзгерістер орын алып, болашағы жарқын боларына сенімім кәміл»,- дейді  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Әбдінабиұлы. Халық қалаулысы қала әкімдігінде қоғамдық қабылдау өткізіп, қала тұрғындарына өзекті мәселелерінің шешімін табуына ықпал жасады. Бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнын тәмамдаған Дилноза Ташекеева мен «Түркістан» көпсалалы жоғары медицина колледжін емдеу ісі мамандығы бойынша бітірген Гүлдана Оразбек мамандықтарына бос жұмыс орны тапшы екенін жеткізіп, жұмысқа орналасуларына жәрдемдесуін сұрады.  Халық қалаулысы тиісті сала мамандарына екі азаматшаның кыркүйек айында жұмыспен қамтылуын ұсынып, алдағы уақытта жұмыссыздықты азайтуда жүйелі жұмыс жасауға шақырды.

 «Түркістан-ақпарат» 

1 193 қаралым