Жарияланды: 28.11.2022

«Отбасылық қатынастардан туындайтын даулар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді

Түркістан облысына қарасты Сарыағаш аудандық сотының ұйымдастыруымен аудандық Татуластыру орталығында «Отбасылық қатынастардан туындайтын даулар» тақырыбында аудандық сот төрағасы мен судьяларының, Сарыағаш ауданының билер кеңесінің төрағасы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Сарыағаш аудандық филиалының төрағасының, ауыл билерінің, сот орындаушылардың, адвокаттар мен медиаторлардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараны төраға Н.Шетенов ашып, жиынның негізгі мақсаты мен өзекті мәселелеріне тоқталып, ерлі-зайыптылар арасында ажырасу мәселесі өршіп бара жатқандығын, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын жаңғырту, отбасылық құндылықты сақтап қалу мақсатында ашылған орталықта психологтар мен медиаторлардың, ауыл билерінің көмегіне жүгіну арқылы отбасын сақтап, келешекте ажырасуға жол бермей, балалардың толыққанды отбасында тәрбиелеуге шақырды. Ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде екі тарапқа да, ортадағы балаларға да оңай тимейтінін, соның салдарынан балалардың күйзеліске түсетіні, психологиялық әсер етуі нәтижесінде баланың тағдырына нұқсан келетінін түсіндірді.

Сөз кезегін ардагерлер ұйымының төрағасы М.Сулейменов алып, өткізіліп отырған іс-шараның өзектілігін ескеріп, отбасы қатынастарынан туындайтын даулардың санын азайту мақсатында өз тараптарынан барынша атсалысатынын айтты.

Күн тәртібі бойынша судья М.Жунусова баяндама жасап, статистикалық мәліметтерді 2021-2022 жылдар бойынша салыстырмалы түрде келтіріп, татуластыру шараларының нәтижесінде неке бұзылған істердің санының азайғанын ескеріп, алдағы уақытта татуластыру шараларын жандандыруды жалғастыру қажеттігін ескертті.

Медиатор Л.Дарханбаева қазіргі таңға дейін Татуластыру орталығының көмегімен көптеген отбасы сақталып қалғанын, келешектеде осы қарқынмен жұмыстың жалғасатынын айтып, ауыл билерімен бірлесіп насихат жұмыстарын жүргізуге ұсыныс берді.

Дөңгелек үстелгеқатысушылар әр отбасымен жеке-жеке жұмыс жасап, психологиялық көмектер көрсетіп, отбасылық мәселелерді шешудің тиімді тәсілдері жайлы ой бөлісіп, сотқа дейін және сотта тараптарды бітімге келтіру мен отбасын сақтап қалудың дұрыс бағыттарын талқылады.

Іс-шара соңында төраға Н.Шетенов қатысушыларға алғысын білдіріп, отбасы қатынастарынан туындайтын даулардың санын азайту мақсатында жоспарланған бағытты асыруды атап өтті.

 

313 қаралым