Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданының прокуроры Нұрлан Ешенқұлов тиісті мекеме басшыларының қатысуымен қысқы маусымға дайындық жұмыстарына арналған жиын өткізді.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Б.Жанғазиев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қ.Әуелбеков, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Қалаубаева, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Б.Айтуаров, аудандық электрлендіру жүйесі бастығының орынбасары А.Дүрманов, Ордабасы газ шаруашылығының участке бастығы А.Құралбаев өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Прокурор соңғы уақыттарда тұрғын үйлердегі өрттер, тұрғындардың улануы мәселелерінің жиеленуі ақпараттық түсіндірме жұмыстарының әлі де өз деңгейінде жүргізілмей жатқандығының нәтижесі екендігіне тоқталып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тиісті мекеме басшыларына тапсырды.
Білім және денсаулық сақтау салалары басшыларына бір апта көлемінде барлық өздеріне қарасты мекемелердің қысқа дайындық жұмыстарына мониторинг жұмыстарын жүргізу, білім саласына аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімімен бірлесе таңертең және кешке балалардың сабаққа баруы мен қайтуы уақыттарындағы көшенің жарықтандырылуы мәселесіне талдау жұмыстарын жүргізіп, ақпарат ұсыну тапсырылды.
Қысқы маусымның басталуына байланысты тұрғындарға электр жарығы мен табиғи газдың тоқтаусыз берілуін қатаң түрде бақылауға алуды тиісті мекеме басшыларына ескертті.