Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданы прокуратурасы аудандық полиция бөлімімен бірлескен түрде қылмыстың алдын алу профилактикалық іс-шаралары бекітіле отрып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Қылмыс оқиғасының салдарымен күрескенге қарағанда, алдын алу, оларды болдырмау тиімді жұмыс екені баршаңызға белгілі.
Осындай жұмыстардың бірі ретінде, аудан аумағында жүргізушінің көлік құралын басқару тәртібіне аса мән беріліп, оның ішінде жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беріне қатысты қатаң шаралар алынуда.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабында жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына бергені үшін — он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жазасы көзделген.
Ауданы бойынша масаң күйде көлік құралын басқару артқан, яғни 2021 жылдың 9 айында 14, ал ағымдағы жылдың өткен мерзімінде 20 факті тіркелген.
Мақсатымыз, статистикалық мәліметтерді өткен жылмен салыстырғанда көбейту емес, масаң күйде көлік құралын басқару арқылы орын алған жол көлік оқиғаларынан адам шығынына жол бермеу, қылмыстың алдын алу болып табылады.
Мысал ретінде айта кетер болсақ, аудандық полиция бөлімімен азамат Б.Д. 11.09.2022ж. сағат 17:00 шамасында Шаян-Ақтас тас жолы Бірлік ауылының тұсында автокөлігін спирттік ішімдікке елтіген «орташа» дәрежелі масаң күйінде басқарғаны анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама мен жинақталған құжаттар негізінен қарау үшін аудандық сотқа жолданған болатын.
Сот отырысында құқық бұзушы өзінің кінәсін толық мойындаған, оның іс-әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, медициналық куәландыру қорытындысымен және жинақталған басқа да құжаттармен дәлелін тапқан.
Сот қаулысымен Б.Д. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, осы баппен 15 тәулiкке әкiмшiлiк қамаққа алынып және қосымша жаза ретінде 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру тағайындалды.
Сонымен қатар, көлік құралын басқару құқығынан айырылған азаматтардың масаң күйді қайта көлік кұралын басқаруы Қазақстан Республикасының Қылмыстык Кодексінің 346-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық жауаптылық көзделген.
Атап айтқанда, сотталушы А.А. 2022 жылғы 13 тамызда сағат 00:58 шамасында Бәйдібек ауданы Шаян ауылы С. Қадырбаев көшесінде автокөлігін қасақана Қазақстан Республикасының жол жүрісі Қағидаларының 2-бөлімі 4-тармағының 2) тармақшасын бұза отырып, жеңіл дәрежедегі алкогольды масаң күйінде басқарған.
Бұдан алдын сот қаулысымен аталған сотталушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігімен автокөлікті алкогольдық масаң күйінде жүргізгені үшін 3 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
Алайда, алдын А.А. әкімшілік жауапкершілікке тартылғанынан еш нәтиже шығармастан, қайталап алкогольды масаң күйінде автокөлігін басқарып, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған.
Аталған тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, іс құжаттары негізінен қарау үшін сотқа жолданып, сот үкімімен А.А. Қазақстан Республикасының Қылмыстык Кодексінің 346-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Алдағы уақытта осы салада жұмыстар тиісті түрде жүргізіліп, масаң күйде көлік құралын басқарғандарға қатаң жаза қолданылатын болады.