Жарияланды: 28.11.2022

Құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді

 

Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті Бүгін аудандық жастар сарайында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.

Жиынға аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрдаулет Әжібеков, комиссия мүшелері, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психолог мамандар, аудандық полиция бөлімінің ЖПҚ-нің кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі бөлімшесінің инспекторлары қатысты.

Жиынның күн тәртіне сәйкес Кәмелетке толмаған балалар арасында 2022 жылы орын алған өзіне-өзі қол салу, қылмыс, ерте жүктілік фактілеріне талдау бойынша аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Айнұр Қалаубаева мен Жасөспірімдер арасындағы қылмыс, құқық бұзушылық фактілері туралы аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Ақбердиевтің баяндамалары тыңдалды.

Мәжілісте сөз алған аудан прокуроры Нұрлан Сапарәліұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жасөспірімдерге қатысты орын алып отырған жағдайлардың алдын алу, оны болдырмау бойынша мектеп ұстаздары мен ата аналармен бірлесіп нақты шаралар қабылдап, сәйкесінше жұмыстар жүргізілу керектігін жеткізді. Сонымен қатар аудан прокуроры бірқатар мектеп директорларынан жыл басынан бері орын алған жайттардың себебін, олар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сұрап, мектептердегі барлық материалдық базаны қамти отырып, оқушылардың сабақ кезінде және сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдалануда білім беру желісін дамыту керектігін айтып өтті.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрдаулет Әжібеков оқушылардың түнгі беймезгіл уақытта жүруін алдын алу бойынша мектеп ұстаздарымен бірлесіп рейдтік шаралар ұйымдыстыру бойынша жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты алдын алуға болатынын айтып, бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Комиссия отырысында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныс пікірлер назарға алынып, хаттама енгізіліп, бірқатар тапсырмалар берілді.

Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысына аудан әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков төрағалық етіп, жүргізіп отырды.

 

368 қаралым