Жарияланды: 31.07.2018

Тоқшылықтың белгісі…

Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданындағы Арыс ауылдық округіне қарасты «Сүйіндік» шаруа қожалығының мүшелері бүгінде қызу еңбек майданында жүр. «Сүйіндік» шаруа  қожалығының төрағасы Мелдебек Тайлиев «Біздің «Сүйіндік» шаруа қожалығын құрғанымызға ширек ғасырдан асса, Елбасымыздың ірілендіру саясатын қолдау мақсатында аудан әкімінің шешімімен 2007 жылдан бері бізге «Берік», «Барыс» шаруа қожалықтары біріктіріліп, үлкен ұжым болып еңбек етіп келеміз. Осылайша қарамағымыздағы 85 жанұяны қамтып отырмыз. Олар өздерінің тиемелдерін жылда алып келеді. Жаңа астықтың әр гектарынан 13-14 центнерден өнім алып отырмыз дедім ғой. Әрине, бұдан да жоғары өнім алуға болар еді, егер ауа-райы қолайсыздық танытпағанда. Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында апталап тұрған желдің әсерінен жердің беті жалаңаштанып, қылтиып өсіп тұрған бидайлар үсіп кетті. Көктемде оны қайта ектік. Дегенмен, барымен базар дегендей, астық оруды, төкпей-шашпай жинап алуды жалғастыра беретін боламыз» дейді. Біз егістік басында жарты сағаттай болған кезде мұндағы қызу қайнаған еңбектің куәсі болдық. Алқапта жүрген техникалардың да, шаруа қожалығы мүшелерінің де тынымсыз еңбектеріне қарап сүйсіндік. Егістіктен ескен жылы леп бізге тоқшылықтың белгісіндей болып көрінді…

 

Орынтай Көмеков

1 272 қаралым