Түркістан облысына қарасты Түлкібас аудандық полиция бөліміне ойынхана қызметкерінен арыз келіп түсті. Оның айтуынша, таңғы уақытта жұмысшы қыздар ұйықтап жатқанда, белгісіз біреу кассадағы 1 миллион теңгеден астам ақшаны жымқырып кеткен. Аталған жайтты полицейлер бірден ҚР КҚ-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Хабарламаны алысымен түлкібастық тәжірибелі полицейлер жедел-іздестіру шараларына кірісіп кетті. Көрген-білгендерден сұрастырып, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Жан-жақты атқарылған іс-шаралар нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол тұрғылықты мекенжайынан санаулы сағаттарда ұсталды. Күдікті ер адам полиция бөліміне жеткізіліп, жауап алынды.
Анықталғандай, күдікті осы ойынхананың тұрақты келушісі болған. Ұрлық болған күні ол ойынханада болған. Содан таңғы сағат 06:30 шамасында кассада отыратын қыздардың ұйықтағанын пайдаланып, ірі көлемдегі қаражатты жымқырып кеткен. Оңай жолмен келген ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап үлгерген. Қазіргі таңда полицейлер ұрлық қылмысы бойынша тергеу амалдарын жүргізуде. Сонымен қатар ойынхана қызметінің заңдылығын тексеру бағытында кешенді іс-шаралар атқаруда.