Жарияланды: 29.11.2022

Қаржы пирамидаларының алдын-алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді

 

Түркістан облысына қарасты Отырар ауданында ұстаздарға қаржылық қауіпсіздік негіздері, қаржыға қатысты құқықбұзушылықтар және қаржы пирамидаларының алдын-алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінде қоғамда өзекті мәселеге айналған алаяқтықтан сақтанудың жолдарын түсіндіріп, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған жиынды аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Дархан Ембай ашып, жүргізіп отырды. Жамбыл атындағы мектеп-лицейінде өткен жиынға Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің офицері Гүлзия Қарсыбай мен экономикалық тергеп-тексеру қызметінің майоры Данияр Мадалиев қатысып, алаяқтарға алданып қалмау, қаржы пирамидаларының торына түспеу үшін нені білу керектігін атап өтті.

Қоғамда қаржылық қауіпсіздікті сақтамау салдарынан алаяқтықтың құрбанына айналғандар басындағы оқиғаларды негізге ала отырып, сенімге кіріп улайтындардан аулақ болуға шақырды.

Сонымен қатар, қаржылық сауаттылықты арттырып, қаражатты тиімді әдіспен пайдалануды ұсынды. Және қаржылық сауаттылықты арттыруда кедергі болатын негізгі мәселелерді атап өтті. Әрі бөгде біреудің жалған ақпаратты жамылып, алдайтындарды байқасаңыз дереу полиция қызметкерлеріне хабарласып, жәбірленушіге айналмаудың алдын алуды сұрады. Бұл өз жеке бастарыңызды арам пиғылды қылмыскерлерден қорғап қалуыңыз үшін маңызды екенін алға тартты.

«Қазіргі таңда бөгде біреудің басқа тұлға атына несие рәсімдеп, қарызға батырып әрі әлеуметтік желідегі сайт акаунттарының құпия сөзін білу арқылы техниканы зиян тигізуге пайдаланатындар көбейіп кетті. Сол үшін көбімізге қаржылық сауаттылықты меңгеріп, табысты жинауды, бюджетті сауатты жоспарлауды және шығындарды рационалды жаратуды үйренуіміз керек. Себебі, бұл қарызға алынған қаражатты сауатсыз пайдалану себебінен борышқорлық күйге түспеуге көмек береді»-дейді Гүлзия Нұрғалиқызы.

Талайды тентіреткен қаржы пирамидасынан сақтану жолдары түсіндірілген жиынның ұлағатты ұстаздар қауымына бағытталуы да бекер емес. Себебі алаяқтарға алданып қалған жандардың басым бөлігі мұғалімдер. Кездесу барысында жиынға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, заңдылық тұрғыдан кеңестер берілді. Жиын соңында Дархан Полатханұлы киелі ауданымызға арнайы келіп маңызды мағлұматтармен, қажетті ақпараттармен бөліскен қонақтарға отырарлық ұстаздардың атынан шынайы алғысын айтты.

 

 

 

351 қаралым