Қазақстан Республикасы президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Орал қаласындағы Гагарин атындағы кинотеатрда сайлаушылармен кездесті.
Іс-шара барысында кандидат жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары жөнінде айтып берді. Кандидат сыртқы саясат мәселелеріне келгенде Қазақстан әскери блоктарға қатыспайтын, қолдамайтын мемлекет ретінде берік позициясын сақтауы керек деп есептейді. Бұл – бүгінде орын алып отырған геосаяси жағдайда өте өзекті.
Н.Әуесбаевтың пікірінше, басқа мемлекеттер өз өндірушілерінің қызығушылықтарын қорғайтын кезде қатаң ойын ережелерін орнату керек. Кандидаттың пайымдауынша, стратегиялық салаларда Қазақстан протекционизм позициясын ұстануы қажет.
Нұрлан Әуесбаев сайлауалды бағдарламасында саяси реформаларға баса назар аударылғанын атап өтті. Үміткердің пікірінше, «алдымен – экономика, кейін – саясат» стратегиясы тиімсіз болып шықты. «Партиялық-саяси өрісті толыққанды реформалау қажет. Кезек күттірмейтін тағы бір өзекті мәселе – экономикаға тұсау болып отырған жемқорлық», деді ол. Бұл жағымсыз құбылысты жою үшін кандидат парақорларға қатысты жазаны барынша күшейтуді ұсынып отыр. Н.Әуесбаевтың пікірінше, сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын босату құқығынан айыру қажет.
Жарияланды: 09.11.2022