Түркістан облысы Сарыағаш ауданында қызметтегі әрекетсіздік жасаған деген айыппен сотқа берілген Б.Т.-тың ісі бойынша Бүгін Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 370-бабының 1-бөлігімен (Қызметтік әрекетсіздік) сотқа берілген Б.Т-қа қатысты ақтау үкім жарияланды.
Істің мән-жайы: Айыптау актісіне сәйкес, Б.Т. Сарыағаш аудандық Әділет басқармасының бастығы қызметін атқарып жүріп, ОҚО ІІД-нің Тергеу басқармасының аға тергеушісі А.О-тің 19.05.2009 жылғы «мүлікке тыйым салу туралы» қаулысы негізінде тоқтамға қойылған, даулы «Ай-Ғасыр» қонақ үйі мен оған тиесілі жерді тыйымнан босатпауға және басқа адамның атына қайта рәсімделуіне жол бермеуге мүмкіндігі бола тұра, А.А. мен Ж.Д. арасында 28.12.2011 жылы түзілген «Қонақжай және оған тиесілі жер телімін сату-сатып алу келісім шартын» Әділет органында 30.12.2011 жылы тіркелуіне жол беріп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзып, ҚК-нің 370-бабы 1-бөлігінде көрсетілген мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы онша ауыр емес дәрежедегі сыбайлас жемқорлық санатына жататын қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған – деп айып тағылған.
Дәлелдемелер бойынша:
19.05.2009 жылғы ОҚО ІІД-нің Тергеу басқармасының аға тергеушісі А.О-ның мүлікке тыйым салу туралы қаулысы Сарыағаш ауданының Әділет басқармасына Т. басшы лауазымына тағайындалған соң орындауға келіп түскені және осы қаулының негізінде «Ай-Ғасыр» қонақ үйі орналасқан жер теліміне 2012 жылдың 22 қазанға дейін қандайда бір ауыртпалықтар болғаны іс құжаттарымен дәлелденген жоқ. Одан бөлек жәбірленуші Б-ның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны, А.Б-ның құқықтары мен заңды мүдделлеріне айтарлықтай залал келтіргені, келтірілген зиянның елеулі екендігін куәландыратын өзге де зардаптар әкеліп соқтырған анықталмады.
Прокурордың позициясы:
Мемлекеттік айыптаушы соттан Б.Т-ты тағылған айып бойынша кінәлі деп танып, ҚК-нің 71-бабының талабына сай, онша ауыр емес санаттағы қылмыс жасаған соң екі жыл өткен соң ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуды. Бұл туралы Сарыағаш аудандық соты хабарлады.
Тағайындалған жаза бойынша:
Б.Т-тың қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысуы дәлелденбеуіне байланысты ҚК-нің 370-бабының 1-бөлігімен кінәсіз деп танылып, ақталды.
Сонымен қатар іс бойынша куә М.М. пен жәбірленуші А.Б-тің әрекеттерінде қылмыс құрамы бар-жоғын тексеру үшін жекеше қаулы қабылданды.
Үкім заңды күшіне енбеген.