Жарияланды: 11.11.2022

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ШТАБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ АҚТӨБЕЛІК ЖҰМЫСШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың мүшелері Ақтөбе облысының тұрғындарымен кандидаттың сайлау алдындағы бағдарламасының басымдықтарын талқылады.

«Ақтөбе рельс-Арқалық зауыты» ЖШС еңбек ұжымымен кездесуде кандидаттың сайлау алдындағы бағдарламасында көрсетілген ел өнеркәсібін дамытуға арналған шаралар талқыланды.

— Ақтөбе облысы – еліміздегі маңызды индустриалды өңір. Еңбексүйгіш ақтөбеліктер облыстың өсіп-өркендеуінің негізі екені сөзсіз. Сіздер әрдайым еліміздегі реформаларды, бейбітшілікті және тұрақтылықты қолдап келдіңіздер. Сондықтан алдағы Президент сайлауында, ел дамуындағы осындай жауапты кезеңде өңір тұрғындары дұрыс таңдау жасайды деп сенеміз, — деді республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы Мәулен Әшімбаев.

Іс-шарада штаб мүшелері сайлау алдындағы бағдарламаның өңірлік инфрақұрылымды жақсарту және жұмыс орындарын ашу мәселелеріне арналған бағыттарына назар аударды. Сондай-ақ Орталық стадионда «Ақтөбе» футбол клубының ойыншыларымен кездесу өтті. Онда кандидаттың кәсіби спортты дамытуды және саламатты өмір салтын дәріптеуді көздейтін басымдықтары сөз болды. Штаб мүшелері Қ.Жұбанов атындағы университетте жоғары оқу орнының ғалымдарымен және оқытушы-профессорлар құрамымен де кездесті.

410 қаралым