Түркістан облысы Сарыағаш ауданында тұтастай бір ауыл диқаншылықпен айналысып, жұртқа үлгі болып жүр, деп хабарлайды Sputnik. kz . Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданы Ақниет ауылында екі мыңнан астам халық бар. Екі жүзге жуық отбасы отынын тұтатып отырған елді мекенде барлық жанұя диқаншылықты кәсіп еткен. Ерте көктем шыға салысымен егін алқабын пана етіп, күнін көріп отырған халықтың көбі картоп, сәбіз, қырыққабат және өзге де көкөніс түрлерін егеді. Солардың бірі — 50 жастағы Лесбек Байболат. Диқаншылықпен айналысып жатқаныма 20 жыл болды. Биыл қырыққабат пен сәбіз ектік. Жеті гектар жерге еккен қырыққабатты жинап, сатып үлгердік. Сәбізді де нарыққа шығардық. Одан соң жерімізге болгар бұрышын екпекпіз. Диқаншылық деген нар тәуекел деп істейтін жұмыс қой. Алған өніміңнің бағасы құбылмалы»,- дейді Ақниет ауылының тұрғыны Лесбек Байболат. Нәпақасын жер жыртып, егіннен тауып отырған халық арасында бәсекелестік деген мүлдем жоқ екен. Тұрғындардың айтуынша, қайта керісінше, қандай да бір диқаншының егіс алқабында өнім пісіп, оны жинап үлгермей жатса, өзгелері көмекке келеді. Солай бір-біріне асарлатып қол ұшын беріп отырған халық өнім сатуда еш қиналмаймыз дейді. Себебі ақниеттік көкөніс пен жемістерді егістіктің басынан сатып алып кететіндер асып жетеді. Оның үстіне мұнда өнім өзге жаққа қарағанда 7-10 күн бұрын пісіп жетіледі. Тұтастай диқаншылықты кәсіп еткен ауыл халқы бүгінгі таңда 145 гектар егістік жерді игеріп отыр.
Жансая Тәуекелқызы