Отбасы — адамзат бесігін тербеткен ұя болса, сол отбасындағы баланың бас ұстазы — ата-ана.Ұлы Абай атамыз «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп көрегендікпен ой түйген. Бала өміріне қажетті тәлім-тәрбиенің іргетасы ата-ана арқылы отбасында қаланады.
Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Тәрбиенің бастауы болған отбасы мүшелері тәрбие мен оқу жоспарын іске асыруда мектептің ең басты одақтасы бола алады. Мектеп пен отбасы мүшелері өзара бірлесіп жұмыс істегенде ғана ынтымақтастықпен қарым-қатынас болып, арада түсіністік пен үйлесімділік орнамақ.Осындай мақсатта «Үйлесімді отбасы-бақытты балалық шақ» тақырыбындағы онкүндік аясында және Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Бала құқығы-адам құқығы» атты онкүндіктің мектепішілік жоспарына сәйкес 11 қараша күніТүкістан облысына қарасты Созақ ауданындағы «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясында «Мектеп пен отбасы ынтымақтастығы» тақырыбында ата-аналар жиналысы болып өтті. Жиналыста күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып,ата-аналар өз пікірлерін ортаға салды. Ойлы ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, ата-ана,мектеп пен бала ынтымақтастықта отырып, білім ордасындағы тәрбие отбасында жалғасын табатындай етіп ұштастыра білгеніміз жөн. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу да күн тәртібінде тұр. Қазақ зиялыларының бірі М.Жұмабаевтың: «Тәрбиедегі мақсат баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару» деп айтуы бала тәрбиесіндегі ата-ана, мектеп, қоғам алдында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын дәлелдейді.