Жарияланды: 01.12.2022

2 дана ноутбук пен алтын бұйымдарын жымқырып кеткен

 

Бүгінде ұрлық өршіп тұр. Әсіресе пәтер ұрлығы көп. Күні кеше Түркістан қаласына қарасты Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің  айтуынша, оның үйіне белгісіз біреу терезесі арқылы кіріп, 2 дана ноутбук пен алтын бұйымдарын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңге. Аталған жайт бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде жәбірленушінің ауылдасы анықталды. Полицейлер оны полиция бөліміне жеткізді.

Анықталғандай, ер адам түнгі уақытта жәбірленушінің үйінде ешкім жоқтығын байқап, арам ойын іске асырған. Яғни қоршаудан секіріп өтіп, пластик терезені күшпен ашу арқылы үйге ұрлыққа түскен. Нәтижесінде ұрлаған алтындарды облыс орталығындағы ломбардтардың біріне өткізсе, ноутбуктың біреуін сатып кеткен. Ал ақшасын жаратып жіберген.

Күдіктіден айғақты зат ретінде ұрланған ноутбуктың біреуі тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына ұрлық қылмысының алдын алу үшін үйдің терезесіне темір тор қойып, бейнебақылау камераларын орнатыңыздар деп кеңес беруде.

 

376 қаралым