Жарияланды: 15.11.2022

КАНДИДАТ НҰРЛАН ӘУЕСБАЕВ ЖАҢАӨЗЕНДІКТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев Маңғыстау облысына сапармен барып, Жанаөзен қаласындағы «Білім-Инновация» лицейі ғимаратында сайлаушылармен кездесу өткізді.

Іс-шара барысында кандидат жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндап берді.

Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, мұнай-газ саласы ел бюджетінің басым бөлігін құрайды. Дегенмен өңірде инфрақұрылым мәселесі бар. Кандидат облыстық әкімдерді сайлауды енгізу арқылы бұл тығырықтан шығуға болады деп есептейді.

Реформалардың бірі ретінде бюджеттік процедураларды жетілдіру ұсынылды. Әр елдімекенде өзіне тиесілі ашық бюджет жасақталып, нақты уақыт режимінде онлайн түрде мемлекет ақшасының қалай және қайда жұмсалып жатқандығы ашық көрсетіліп отырылуы тиіс екендігін жеткізді.

Бұдан бөлек, Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасында қазақстандықтардың өмір сапасының стандартын енгізу қаралған. Стандартта азаматтарымыздың сапалы тамақтануынан бастап, демалысына дейінгі барлық қажеттіліктері қарастырылады.

290 қаралым