Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Маңғыстау облысына келді. Ең алдымен кандидат Мұнайлы ауданында орналасқан «Сауқымбек» ұн тарту зауытының ұжымымен кездесті. Бірнеше жыл бұрын іске қосылған өндіріс ошағы жоғары сұрыпты ұн өндіріп, 70-ке жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Зауыт алдағы уақытта дайын өнімді экспорттауға ниетті. Алайда кәсіпорынға бидай жеткізуде қиындықтар туындап, вагондар тапшылығы орын алған.
— Қазақстандағы аграрлық сектордың негізгі бір саласы егін шаруашылығы екені белгілі. Еліміздің солтүстік, орталық өңірлеріндегі алқаптар тұтастай республиканы астықпен қамтамасыз етуге, тіпті, дәнді дақылдарды шет елдерге экспорттауға мүмкіндік беруде. Дегенмен ел ішінде туындаған осындай проблемалар кәсіпкерлердің жұмысына кері әсер етуде. Менің әрдайым айтатыным, адал еңбек етіп, халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ететін азаматтарымызға қолдау көрсетуіміз қажет. Қазақстанда тауарлар қорын құру стратегиясында азық-түлік нарығын дамыту және қауіп-сіздігін сақтау бәрінен бұрын им¬портқа тәуелді емес, отандық өндіріс есебінен жүзеге асуы керек,– деді Жигули Дайрабаев.
Ұн зауытынан кейін кандидат мал бордақылау кешеніне барды. Қазіргі уақытта елімізде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы бағытта жұмыс істейтін бұл кешен Ақтау қаласының тұрғындарын сапалы етпен қамтамасыз етуде.
Сонымен қатар, Жигули Дайрабаев Мұнайлы ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында жем-шөп дайындау мәселесіне ерекше назар аударылды. Кандидат түйткілді мәселелердің алдын алу үшін тамшылатып суару әдісін дамыту қажеттігін айтты.