Қазақ «Бірлік болмай — тірлік болмас», дейді. Берекені көздеген ел қашанда татулықты ту етуден жалықпаған және жалықпайды. Егеменді еліміздегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы.
Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті қазақ жері көптеген этнос өкілдеріне құтты қоныс болды.
Содан болар, бүгінде ел ішінде тату тірлік бар, ынтымақ пен бірлік бар. Мемлекет Президенті Қазақстанды Отаным деп қабылдаған әр түрлі ұлт өкілдерінің өзара достық пен татулықта өмір сүруіне барлық жағдайды жасауда. Әр ұлтқа өз ана тілін меңгеріп, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаңғыртуда және мәдениеті мен әдебиетін дамытуда қамқорлық көрсетіліп, жұмыстары жетілдірілу үстінде.
Сондай-ақ, түрлі этнос өкілдері де еліміздің дамуы жолында еңбек етіп, игі бастамалардың басы-қасынан табылуда. Соның ішінде, Қазақстанда тұрып жатқан өзбек ұлты да еліміздің бірлігі мен дамуына өз үлестерін қосуға атсалысуда.
Мемлекетіміздің ажырамас бөлшегі ретінде өзбек ұлтының өкілдері бірлігі жарасқан берекелі еліміздің болашағына өзіндік үлесін қосуды қасиетті борышы санайды және Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлік пен бейбітшілікті нығайту жолындағы саясатын толық қолдайды.
Мен де ел Президентінің бірлік, бейбітшілікте өмір сүру жолында көзделген саясатына өзімнің үлесімді қосып, азаматтарға тату-тәтті болуды дәріптеу жолында қызмет атқарып келе жатқаныма қуанамын. Менің басқаруымдағы «NIK» корпорациясында 10-нан астам түрлі ұлт өкілдері жұмыс істейді. Ия, олардың өзара ауызбіршілігі маған ұнайды — бір отбасының перзенттеріндей бір-бірін сыйлайды.
Қазақ халқының ұлы жазушысы Ахмет Байтұрсынұлы:
«Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деп өте дұрыс жазған. Ендеше бейбітшілік және бірлігіміз бұданда бекем болу үшін, Жаңа Қазақстан үшін, өсіп-өркендеу үшін аянбай еңбек етуден жалықпайық, ағайын!
20 қараша 2022 жылы барлық отандастарымды үлкен саяси науқан — Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына түгелдей қатысуға шақырамын!
Ал Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүруіне тілек білдіремін!
Бадриддин НИШАНҚУЛОВ,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты,
облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы
Жарияланды: 15.11.2022