Жарияланды: 18.11.2022

ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВТЫҢ ШТАБЫ ШАРУАЛАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Президенттікке кандидаттардың бірі Жигули Дайра­баев­тың сенімді өкілі Николай Арсютин Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы «Қызылжар сүт» ЖШС кәсіпорнына барып, еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында кандидаттың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары баяндалып, партияның жұмысы туралы егжей-тегжей айтылды.

Жигули Дайрабаев өзінің бағдарламасында Қазақстан шикізаты бай мемлекет бола тұра, өз халқын қолжетімді отынмен және энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ете алмай отырғандығын көрсеткен. Осы ретте көпшілікпен кездескен Николай Арсютин бағдарламада ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басымдық берілгеніне тоқталды.

«Ауыл» партиясы ауылдық елді мекендерді жаңғырту жөніндегі ұзақ мерзімді ұлттық стратегияны заң деңгейінде қабылдауды ұсынып отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мәртебесін арттыру өте маңызды. Қала тұрғындарын коммерциялық үстеме бағасыз азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін мегаполистерде, моноқалаларда, облыс және аудан орталықтарында тұтыну қоғамдары мен кооперативтер желісін құру және дамыту жоспарланған», деді Николай Арсютин.

381 қаралым