Шымкенттегі №2 қалалық аурухананың құрылғанына 45 жыл. Аурухананың мерейлі датасына орай «Тәжірибелік медицинаның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға Германия, Түркия, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдары, сондай-ақ Қазақстанның белгілі ғалымдары арнайы қатысты. Екі күнге созылатын шарада білікті дәрігерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, медицина саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Бұл шарада медицина мамандары тәжірибе алмасу арқылы өздерінің кәсіби біліктілігін арттырып, ғылыми ізденістерін одан әрі дамыта алды. Жалпы конференцияда 88-доклад оқылып, барлығы 1071-адам қатысқан.
Айта кетейік, 45 жылдық тарихы бар аурухананың қызмет көрсету сапасы жылдан жылға жақсарып келеді. Қазіргі уақытта №2 қалалық ауруханада 390 төсек орны бар.Бұл медициналық мекеменің ерекшелігі көпсалалы аурухана, оның құрамында стационар, перзентхана, емхана бар, ол 13 бөлімшеден тұрады. Барлық бөлімшелер шұғыл және жоспарлы түрде терапевтік және хирургиялық бейіндегі пациенттерге білікті медициналық көмек көрсетеді.
Соңғы бір жылдың ішінде ауруханада бірігей оталар жасала бастады. Атап айтар болсақ, жедел коронарлық синдром кезеңінде тері арқылы коронарлық араласу, бауыр цирозының өңеш пен асқазан тамырларының варикозды кеңеюін эмболизациялау, бүйрек терминалды созылмалы шамасыздығы бойынша тұрақты диализдегі пациенттерге перманенттік катетер орналастыру операциясы жасалды. Сонымен қатар тізе асты артерияның тармақтарын эмболизациялау бойынша 4 ота жасалды.Тағы айта кетерлігі, ауруханада биыл кардиология бөлімінде Шымкент қаласындағы штаттан тыс интервенциялық кардиолог Асқар Мұратұлының бастамасымен жүрекке коронография отасы жасалды.
“Жылдан жылға медициналық қызмет сапасын арттырып, халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында көмек түрін көбейтудеміз. Жоспарға сәйкес, келесі жылы аритмологиялық оталарды жасап, жоғары технологиялық операция түрін көбейтеміз”-дейді аурухананың бас дәрігері Асқар Мұратұлы.