Бүгінде алғыс арқалаған тәртіп сақшылары көп. Бірі көшеде көлігі бұзылып қалған жүргізушіге көмектеседі, енді бірі жанармайы таусылған жүргізушіге қажетті майын жеткізіп береді. Қым қуыт атқарып жүрген қызметтерінен бөлек, адами қасиет танытып, қол ұшын созғандары үшін алғыс алғандары да бір ғанибет емес пе? Күні кеше Түркістан облысына қарасты Кентау полициясына жергілікті тұрғын ақсақал хабарласып, көмектесуін сұрады. Оның айтуынша, құны 200 мың теңге болатын 1 бас бұзауы түнгі уақытта белгісіз жағдайда шығып кеткен. Жоғалған бұзауын табу үшін мал иесі, полицейлерден көмек сұрады.
Аталған ақпаратты алысымен кентаулық тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетті. Осы аймақтың тау-тасын жақсы білетін полицейлер, айналаны толық шолып шығып, жоғалған ірі қара малдарды табуға бағытталған барлық қажетті жұмыстарды атқарды. Сондай-ақ үй малын таситын автокөліктерді тексерді. Осылайша іздестіру жұмыстары тәулік бойы үзіліссіз жүргізілді. Соның нәтижесінде, жоғалған бұзау шұңқыр ішінен табылып, шығарылды.
Осы орайда малының аман-есен табылғанына қуанған мал егесі полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын жеткізді: «Мен 1 бас бұзауымды жоғалтып алдым. Өз бетімше іздеп таба алмадым. Содан соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. Олар бұзауымды шұңқырдың ішінен тауып берді. Тәртіп сақшыларына үлкен рақмет!».