Жарияланды: 30.11.2022

Қажет құралды түгендемеудің салдары…

Қыс ауасында алыс жолға шыққанда көлігіне қажет боп қалады ау деген құралдарсыз ақ жолға шығып кете беретін жүргізушілер жетерлік. Салдарынан жетер жеріне жете алмай жолда қалады. Дегенмен әлем мейірімді, қамқор жандардың көптігімен әдемі. Күні бүгін Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Сарыағаш — Жетісай» тас жолында патрульдеу кезінде, жол жиегінде тұрған автокөлікті байқап, бірден жанына барды. Полицияны көрген ер адам көлігінің дөңгелегі жарылып, жөндей алмай тұрғанын жеткізді.

Жүргізуші өтіп жатқан көліктерді тоқтатуға тырысқанымен, нәтиже болмаған. Анықталғандай, ер адамда жарылған дөңгелекті ауыстыратын домкрат құралы жоқ болып шықты. Содан тәртіп сақшылары автокөлік одан әрі жүру үшін домкратты жеткізіп, дөңгелекті ауыстыруға көмектесті.

Полицейлердің қамқорлығы мен көмегіне жүргізуші шын жүректен ризашылығын білдірді: «Полиция қызметкерлеріне көп рахмет! Қиын сәтте көмек қолын созды. Сіздердің жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!».

Өз кезегінде полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жолаушыларға жолда өте мұқият болуға кеңес береді. Алыс жолға шыққанда автокөлік құралдарының жарамдылығын, қажетті құралдардың бар-жоғын тексеру қажеттігін еске салады.

203 қаралым