Жарияланды: 04.08.2018

Ақ алтын алқабының көлемі ұлғайтылуда

Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданында 136 мың гектар суармалы жер бар. Биыл ақ алтын алқабының көлемі біршама ұлғайтылып 94 мың гектар жерге мақта егілген. Өңірдегі коллекторлық жүйелерді тазалау жұмыстары жүргізіліп, тік дренажды ұңғымалар жарақтандырылды. Сол жұмыстардың арқасында ауданның су жүйелері ретке келіп, су тапшылығы жойылды. Сонымен қатар, су мәселесінің шешілуінде қазақ-өзбек қарым-қатынасының жандануы да өз нәтижесін беруде. Мақтааралға «Достық» трансшекаралық каналынан секундына 100 текше метр су түсіп жатыр. Бекітілген кесте бойынша 1 миллиард 116 миллион текше метр тіршілік нәрі алынады. Бұл суару маусымына және көктемгі сорды шаюға жеткілікті болады. Бірнеше жылдан бері Өзбекстанмен су мәселесі жөнінде келісім жүргізген. Дәл осы канал арқылы көрші ағайындардың 112 мың гектары, мақтааралдықтардың 136 мың гектары су ішеді. «Судан ешқандай мәселе болған жоқ. Мақтамыз толықтай бірінші суын ішіп бітті. Енді екінші суды ашып жатырмыз» — дейді 120 гектар алқапқа мақта дақылын еккен шаруа қожалығының төрағасы Н. Арызқұлов. 

947 қаралым