Жарияланды: 07.12.2022

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ АУМАҒЫ КЕҢЕЙІП, КӘСІПОРЫНДАР КӨБЕЙЕДІ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына іс-сапары барысында бірқатар кәсіпорынды аралап, жұмысымен танысты. Индустриалды аймақты кеңейту, дамыту жолдарын қарастырып, мамандармен, кәсіпкерлермен кеңесті. Өңір басшысы Ордабасы ауданында өндірісті дамытуға күш салынатынын жеткізді.
– Ордабасы ауданында өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Индустриалды аймақ қолайлы аумақта орналасқан. Біз индустриалды аймақты одан әрі кеңейтіп, кәсіпорындар ашуға күш саламыз. Инфрақұрылым мәселесі толық шешіледі. Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайынбыз , – деді Дархан Сатыбалды.
Бүгінде Ордабасы ауданында «Стандарт Ресурсис» ЖШС-нің мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Өндіріс орнының құрылысы 2020 жылы аяқталған. Жұмысының ІІ кезеңін биылғы жылдың екінші жартыжылдығында іске қосқан. Жылына 100 мың тонна шикізат өндіреді. Жоғары маркалы бензиннен бастап, бірнеше өнім шығарылады. 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлығы 120-150 мың теңгені құрайды. Көмір-химия зауытының әлеуетін мамандар жоғары бағалап отыр.

Өңір басшысы одан кейін полиэтилен бұйымдарын қайта өңдейтін және синтепон талшығын өндіретін «GREEN TECHNOLOGY INDUSTRIES» зауытында болды. Бадам ауылындағы «Бадам» индустриялды аймағында орналасқан зауыттың инвестициялық құны – 6800,0 млн. теңге. Жобаның I кезеңі ПЭТ қалдықтарын тазарту және ұсақта турап флекс өнімін алу жобасы 2018 жылы «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. 2018 жылдан бері шығарылып жатқан флекс өнімі Ресей федерациясына экспортталуда. Қос өндіріс орнын аралап көрген Дархан Сатыбалды кәсіпкерлікке қолдау бағытындағы жұмыстар жанданатынын айтты. Индустриалды аймақтың кәріз жүйесін реттеу мәселесі маңызды екенін атап өтті.
Жұмыс сапарында облыс әкіміне «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жоба аясында мемлекеттік грант арқылы қаржыландырылып, кәсібін ашқан азаматтар мен тауар өндірушілердің көрмесін көрмесі ұсынылып, жобалар таныстырылды.
Ордабасы ауданында «Бірыңғай индустрияландыру картасы» аясында 2022-2025 жылдары жалпы инвестициялық құны 105,7 млрд. теңге болатын және барлығы 1060 жаңа жұмыс орнын құратын 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл 3 жоба іске қосылды. Ал, «Бадам» индустриалдық аймағында жалпы құны 21 млрд. 234 млн. теңгені құрайтын 6 жоба орналасқан.
Ауданда өнеркәсіп саласында 9 айда 21 млрд. 190 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 804 млн. теңгеге, ал нақты көлем индексі 0,3%-ға артты. Жыл қорытындысымен межеленген 28 млрд. теңгенің өнімі өндірілмек. Ордабасы ауданына 9 айда 26 млрд. 251 млн. теңге инвестиция тартылды. Бұл алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10 млрд. 955 млн. теңгеге артық. Соның ішінде жеке инвестициялар – 14 млрд. 851 млн. теңге.

1 276 қаралым