Жарияланды: 22.12.2022

Бас дәрігер Алғыс хатпен марапатталды

Еселі еңбек ел алғысымен өлшенбек. Ал ел Президентінің алғысының орны тіптен бөлек. Денсаулық сақтау саласындағы үздіксіз еңбектен бөлек қоғамымызда орын алып жатқан елеулі оқиғаларға белсене атсалысу да азаматтық борышымыз.

 
Жуырда ғана еліміз үшін айырықша орны бар Президент сайлауы науқаны өткені белгілі. Аталмыш шараға үлес қосқаны үшін Шымкент қаласындағы №1 емхананың бас дәрігері Махамбет Бейсеуов мемлекет басшысының алғыс хатын алды. Бұл емхана ұжымы үшін де айырықша орны бар марапат. Өйткені еліміз үшін маңызды шараны үйлестіру жұмыстарына барынша күш жігерін жұмсаған басшының еңбегі мақтауға тұрарлық. Ел президенті өз ықыласын ерекше жеткізген.
 
 
 
«Құрметті Бейсеуов Махамбет Әбдезімұлы! Сізге Қазақстан Республикасы Президентін сайлау науқанына дайындық және оны өткізу жұмыстарына қосқан елеулі үлесіңіз үшін алғыс айтамын! Біз күш жігерімізді жұмылдырып, барша азаматтарға бірдей мүмкіндік беретін мемлекет -Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз деп сенемін! Ел игілігі жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын!» делінген алғыс хатта.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты кешігіп болса да өз иесіне табысталды.
 
Енді артқан сенімді ақтап, өңірдің өрлеуі жолында аянбай қызмет ету міндеті тұр. Ел игілігі жолындағы еңбек жемісті болып, биік белестерді бағындырып, толағай табысқа жету басты мұрат болып отыр.
1 011 қаралым