Түркістан облысындағы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға үкіметтен 170 млрд. теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі агроөнеркәсіптік бағдарламалар мен инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын талқылауға арналған жиында айтты, деп хабарлайды 24.kz. Еліміздегі инвесторларға жасалып жатқан қамқорлықты жақсы түсінген шетелдік ірі компаниялар Қазақстанға қаржы салуға ниетті. Мәселен, түркиялық холдинг басшысы Жамалладдин Шекер мырза Түркістан облысына 500 млн доллар көлемінде инвестиция тартып, 20 гектар жерге жылыжай ашпақшы. Жамалладдин Шекер, холдинг директоры: — Біз жылыжай құрылысымен айналысамыз. Әлемнің 76 мемлекетінде осындай кешендер салдық. Қазақстанда инвесторларға көп жағдай жасалған. Сондықтан біз қияр, қызанақ, құлпынай өсіретін жылыжай ашуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ семинар-кеңесте кооперация негізінде етті және сүтті мал шаруашылығын дамыту жайы сөз болды. Өңірлік салалық бағдарламалар шеңберінде 10 жылда бордақылау алаңдарының жанынан сүтті ірі қара мал басы 150 мыңнан асатын 3000 отбасылық ферма құру жоспарланып отыр. Қой басы 300 мың басқа дейін көбейтілмек. Кәсіпкерлердің алдындағы ендігі меже – шетелге ет экспортын ұлғайту.
Жарияланды: 04.08.2018