Жарияланды: 18.03.2023

ТҮРКІСТАНДА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ІРІ ҚАРАЛАР АРАСЫНДА САЙЫС ӨТЕДІ

Түркістан қаласында 20-22 наурыз күндері алғаш рет «KazAgro/KazFood Turkistan-2023» халықаралық сауда көрме-жәрмеңкесі өтеді. Аталған шара аясында 21 наурыз күні «Керуен сарай» кешенінде ірі қара арасында байқау өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте байқаудың координаторы Әсем Дәулетова мәлім етті.
 
— Мұндай байқаулар ірі қалаларда, көбіне елордада өтіп жатады. Осындай байқаулар арқылы өңірге келетін туристердің қатары да артатыны анық. Осы орайда, Түркістанда өтетін байқауда бұқалардың сыртқы түрінің параметрлері, салмағы және басқа да сипаттамалары бойынша баға беріледі. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар грамоталар мен сыйлықтарға ие болады. Аталған көрмені дәстүрлі түрде өткізіп тұру жоспарда бар. Себебі, осы арқылы Түркістан өңірінде агротуризмды дамытуды көздеп отырмыз, — деді Әсем Мұратқызы.
Сондай-ақ аграрлық жәрмеңкеге жуырда «Қазақстан рекордтар кітабына» ең ауыр салмақты қошқар ретінде тіркелген сарыағаштық фермердің 230 килограммдық «Миллион» қошқары да әкелінбек. Өңіріміздің атын бүкіл елге шығарған «рекордсмен қошқар» да көрменің көрігін қыздырмақ.
Жалпы көрме аясында қатысушылар іскерлік байланыстар орнатып, бизнес-келісімшарттар жасайды. Бұл іс-шараға Қазақстанмен қатар Ресей, Өзбекстан, Қытай, Голландия сынды елдерден 100-ге жуық компания өкілдері қатысады. Форум шеңберінде бүгінгі күнгі ең өзекті мәселелер талқыланады. Атап айтсақ, сапалы тұқым шаруашылығы, тұқыммен қамтамасыз ету, су үнемдеу технологиясы, етті экспорттау технологиясы т.б. мәселелер жан-жақты зерделенбек.
«Керуен сарай» кешені маңайында үш күн бойы түйелер шеруі, мерекелік жәрмеңкелер думанды шараның сәнін кіргізбек.
372 қаралым